Мұхаммед ибн Абдул Уаһаб ханафи мәзһабын бұрмалаушы

Діндердің пайда болуының барысында, адамзат баласын дұрыс өмір мен руханиятқа үйрете білді. Алайда, бір діннің бірнеше тармақтарға бөлініп, оны ұстанушы халықтардың бірін бірінен артық көргеннің зардабы, қоғамды әсіре діншілдікке итермеледі. Бүгінгі Ислам дінін ұстанушылардың ағымдарға бөлінуі, екінші бір халыққа ықпал тигізгендігіне тарихи жайттар куә.

Жамбыл облысы әкімдігінің «Дін проблемаларын зерттеу орталығының» бөлім басшысы Ерзат Жақыповпен жалпы дін турасы мен Ислам дініндегі керағар ағымдарға қатысты кең тақырыпта сұхбат жүргізген едік.

– Ерзат мырза, дінге ғылыми тұрғыда қандай анықтама береді?

– Дінді мораль, этика және руханият дейміз. Бірақ, ғылыми тұрғыдан алып қарайтын болсақ, дін дегеніміз құдіретті бір күшке деген сенім. Құдіретті күш деп айтып тұрғанымыздай, физикалық тұрғыдан көрінбейтін және оны ұстап көру де мүмкін емес. Осындай көрінбейтін көмескі нәрсеге сенуді біз дін деп атаймыз.

Бірақ, діннің бір ерекшелігі бар. Мысалы, діни мәтіндер қасиетті кітаптарда баян етілген. Басқа оны дәлелдейтің деректер жоқ. Бірақ, осы дінде жазылғандардың ғылыми тұрғыдан өмірде дәлелденіп жатқан тұстары көп. Сондықтан да діннің негізгі мағынасына адамдарды осы дүние мен арғы дүниеде де бақытқа жеткізетін рухани бірден-бір жол деп анықтама беруге болады.

– Ежелгі адамдардың санасында дін туралы түсінік болмаса да, әртүрлі құлшылық ететін сенімдері болды. Қасиетті кітаптарды білмегендердің ұстанымдары дін болып санала ма?

– Әлемдік діндер пайда болмай тұрып, адамдар табиғат заңдылықтарын білмегендіктен айға, күнге, найзағайға табынып жатты. Бұны дін деп айтуға болмайды. Өз сенімдерімен табынған дүниелері. Ол кездегі адамдар мифке сенді. Сондықтан ол дәуірдегі мен қазіргі діни сенімнің айырмашылығы көп. Себебі, фетишизм, анимизмнің түрі көп болған. Рухтар мен аң-құстарға табыну деген сияқты.

Бірақ, қазіргі әлемдік діндер, соның ішінде Ислам діні келгенде адамдарға нақты бағыт-бағдар берді. Пайғамбарлар келіп дінді үйреткенде, адамдарды дұрыс жолға үндей бастады.

– Дегенмен, осы әлемдік діндердің өзінде кейінгі ғасырларда көптеген іштей бөліну жүріп жатты. Қазір де бар. Себебі неде?

– Бұл діндердің ішінен бөлінісі пайғамбарымыздан кейін басталған дүние. Ислам діні келгенде жұлдызға, пұтқа табынған арабтардың түсініктері қалыптасып, бүкіл қоғам біріге бастады. Бұны түсіндіріп үйреткен кім? Алланың елшісі Мұхаммед пайғамбар (с.ғ.с.). Осы түсініктердің арқасында, діннің қоғамдағы орны орасан болды. Арабтар өздері бірікті. Яғни өздерінің балаларын тірідей көміп жатқан арабтардың адамгершілік қасиеттері мен әйел затының құндылығы артты. Бұл жердегі ең маңыздысы – Византия империясының отары болып тұрған арабтар бірігудің арқасында тәуелсіз мемлекетке жетті. Міне, осы кезге дейін араб қоғамында мәдениеті мен ғылымы дамыды.

Бірақ, Мұхаммед пайғамбар (с.ғ.с.) өмірден өткеннен кейін, неше түрлі ағымдар пайда бола бастады. Құран мен хадистерді өздерінің тар ойларымен түсіндіру нәтижесінде ортақ бір мәмілеге келе алмай, даулы тұстар туындап жатты. Осылайша, түрлі ағымдар пайда болды.

Мұсылмандардың дүниетанымының өзгеруіне әсер еткен XVIII ғасырдағы үлкен оқиға еді. Осман империясының отарында болған арабтар өздерінің тәуелсіздіктерін алғысы келеді. Мұхаммед ибн Абдул Уаһаб деген кісі ханафи мәзһабындағы сенім мен түсінікті бұрмалап, мүлдем бір исламдық жаңа «түсінік» алып келеді. Бұл саясиланған діни идеологияны сол сәтте қоғамға таратады.

Бұл идеология ибн сауд деген жердегі халықтың ұстанымына лайық болды. Олар Мұхаммед ибн Абдул Уаһабты қаржыландырады және оның идеологиясын таратқанда надан, қой, түйе бағып жүрген адамдарға түсіндіреді. Бұл идеологиялар таратылып, бәдәуилер радикализацияға ұшырайды. Және артынша ұлтшылдыққа да апарады. Сөйтіп, ең алғашқыда олардың әскері Мекке мен Мәдинаға шабуыл жасайды. Қасиетті мекендердегі қаншама мұсылмандардың қанын жазықсыз төгеді.

Бірақ, осы соғысты Мұхаммед ибн Абдул Уаһаб қасиетті соғыс деп түсіндірген. Міне, көрдіңіз бе? Ең алғашқы Ислам діні қоғамды біріктірген болса, кейінгі саясиланған Мұхаммед ибн Абдул Уаһабтың Сауд Арабиясындағы әрекеті мұсылмандарға да, арабтарға да зардабын тигізді.

– Бүгінде Сирия мен Ирактағы және басқа да аумақтардағы лаңкестік топтарға Орта Азияның азаматтары көптеп аттанды. Ендігі кезде әлемдік терроризмге қарсы тұру үшін қандай шараларды жүзеге асырған дұрыс?

– Менің пайымдауымша бірінші сол лаңкестік ұйымдарға кетіп жатқан азаматтардың себебін білуіміз керек. Оның салдарымен емес, себебімен күресе білу қажет. Бірінші себепке 70 жылдан аса Кеңес Одағының қол астында болғанымызды айтсақ болады. Және XVIII ғасырдан патша үкіметінің қол астында болдық. Сондықтан да бізде мұсылмандық діни танымның жұтаңдауына осы жайттар себеп болды. Сирияға кетіп жатқан адамдар ғаламтордағы радикалды бағыттағы шейхтардың уағызынан «күш» алды.

Міне, солардың дүниетанымын саналарына сіңдіріп, «мен тура жолдамын, ақиқаттамын» деп, «осы жолда жүрсем, менің орным жәннат» деген сенім оларды жарға жықты. Осы жарға жығудың себебін білуіміз керек.

Ол үшін не істеу керек? Әрине, біріншіден өзіміздің бабаларымыз салып кеткен сара жолды ұстануымыз қажет. Ол сара жол қандай жол деген сұрақ туындауы мүмкін? 751 жылы Атлах шайқасында арабтармен бірігіп, Таң империясын жеңу арқылы Ислам діні біздің қоғамға тез сіңіп, бабаларымыз қабылдады. Бірақ, осы жерде тағы бір тарихи фактор еске түседі: сол сәтте арабтардың дәстүрін қабылдадық па, қабылдамадық па? Бабаларымыз дінді үйренгенде қай жерін алып, қай жерін алмады? Біз осыны ұмытып кете береміз. Тек VIII ғасырда Ислам тарады, біз қабылдадық деп қана қоямыз. Ары қарайғы мәліметтерге тоқталмаймыз.

Біз ислам дінін қабылдадық. Бірақ, арабтың мәдениетін ысырып тастап, Исламды түркілік мәдениетпен ұштастырып жібердік. Мысалы, арабтарда жеті атаға дейін қыз алу мен берісу жоқ. Одан кейін біз әрбір рудың батыры мен биіне арнап ас береміз. Бұл арабтарда жоқ, қазақ халқында бар. «Өлі разы болмай, тірі байымас» деген түркілік елдерде бар. Біз осылай дін мен салтымызды ұштастырдық. Сол сияқты беташар, сәлем салу, қырқы, жүзі – барлығын ұштастыра білдік.

Міне, осы нәрселерді дұрыс түсіне алмағандықтан, Сирия мен Иракқа кетіп жатқан азаматтарымыз радикализацияға ұшырап жатыр. Олар арабтың дәстүрін үйреніп, қазақтың дәстүріне сай келмейтіндігін көреді.

Сондықтан біз бұл радикалдануды тоқтату үшін, жастардың санасына өзінің ата-бабасының дұрыс жолда екендігін екендіктерін түсіндіріп, бабаларына деген махаббатты, қызығушылықты ұялата білдіруіміз керек.

Ал егер де ондай танымды ұялатпасақ, жастарымыз лек-легімен кететін жағына кете беретін болады. Сондықтан да дінді дұрыс түсіндіру – дінтанушы мамандардың парызы.

                                            Жамбыл облысы әкімдігінің

«Дін проблемаларын зерттеу орталығы»

КММ-сінің діни экстремизмге

қарсы насихат бөлімі

Share this...
Share on Facebook
Facebook
0Share on VK
VK
Tweet about this on Twitter
Twitter

Облыстық жаңалықтары

'; echo ''.$date.'
'; echo ''.$title.'

'; echo '
'; } ?>

Egov