Мемлекеттің зайырлылық қағидаттарын берік ұстану біздің қоғамымыздың тұрақты дамуының кепілі болып табылады

 

 

Қазақ тіліндегі «зайырлы» сөзінің түбірі араб тіліндегі «сыртқы» деген мәндегі «захир» сөзінен келіп шығады. Зайырлы мемлекет идеясы ең алғаш Франция мен АҚШ-та XVIII-XIX ғасырларда қалыптаса бастады. Зайырлылық принциптерінің құқықтық тұрғыдан бекітілуі 1789 жылғы 26 тамыздан бастау алды. Дәл осы жылы қабылданған «Адам және азамат құқықтары жөніндегі» Француз декларациясында діни көзқарастар мен сенімдер үшін адамдарды қудалауға тыйым салды.

Сонымен қатар, АҚШ Конституциясына 1791 жылы енгізілген өзгерістер, яғни, Құқық жөніндегі Бильде қандай да бір дінді ұстануға немесе ешбірін ұстанбауға рұқсат берді. Міне осы аталған құжаттардан дінге қатысты қандай да бір мәжбүрлеу шараларына жол берілмейтіні және еркіндікке мүмкіндік берілгені анық көрінген.

Бүгінгі таңда әлемдегі мемлекеттік жүйелердің басым көпшілігі зайырлы құқықтық жүйеде өмір сүреді. Қазақстан Республикасы Конституцияның 1-бабында мемлекетіміздің зайырлы мемлекет екені ерекше аталып өткен. Зайырлы билік адамның рухани, ішкі әлеміне қатысы жоқ және оған қол сұқпайтын билік ретінде анықталды. Бірақ ол ешқашан да діндарлыққа қарсы және атеистік билікпен теңдестірілмеуі тиіс. Жалпы формасында зайырлы мемлекет діни бірлестіктің мемлекеттен бөлінгенін, олардың қызмет ету аясында жіктелуін білдіреді. Әлемдік, ұлттық және ұсақ діндер негізінде барлық мемлекеттерде көптеген діни қауымдар қалыптасқан. Зайырлы мемлекетте ешбір дін мемлекеттік және міндетті дін ретінде бекітіле алмайды. Бұл ережеге сәйкес, конституциялық норма ретінде бекітіледі. Егер діни ұйымдардың қызметі заңға қайшы болмаса, мемлекет олардың қызметіне араласпайды. Зайырлы мемлекет пен діни ұйым арасындағы жіктелу өзара кедергі келтірмеу және заңдар немесе келісімдер арқылы реттеледі.

Бүгінгі таңда, халыққа зайырлылық ұғымының мән-мағынасын түсіндірудің маңызы аса ерекше. Осы себепті, ғылыми қауымдастықтың зайырлы мемлекет ұғымына берген түсініктерін келтіре кетуді жөн санап отырмын. Ресей ғалымы А.Ш.Будагованың пікірі бойынша, «зайырлы мемлекет» дегеніміз – бұл барлығына міндетті ресми діні жоқ, діни қағидалар мен заңдылықтарды мемлекеттік органдарға ықпал етуші қайнаркөз деп санамайтын, діни бірлестіктер мемлекеттен және мектептен бөлінген, сондай-ақ барлық азаматтарға бірдей үкімі жүретін діни соттары жоқ мемлекеттің конституциялық сипаттамасы.

Ал, тарих ғылымдарының докторы, профессор А.В.Малашенко зайырлы мемлекеттің үш сипатын белгілейді:

1) діни ұйымдардың мемлекеттен бөлінуі;

2) діннің саясаттан шеттетілуі;

3) діннің әр азаматтың жеке ісі болып табылуы.

Ғалымдардың анықтамаларын сараптай отырып, зайырлы мемлекеттің дінсіз мемлекет емес екенін анық түсінуге болады. Мұндай жүйедегі мемлекетте мансабына, қоғамдағы дәрежесіне қарамастан кез келген азаматтың дін ұстануға құқығы бар.

2017 жылы 20 маусымда қабылданған Қазақстан Республикасының Дін саласындағы мемлекеттік саясатының 2017-2020 жылдарға арналған мемлекеттік тұжырымдамасында былай делінеді: «Мемлекеттің зайырлы құрылысы – Қазақстан халқының маңызды тарихи жетістігі. Қазақстан бірегей мәдени-тарихи жағдайларға, коғам дамуының өзіндік ерекшелігі мен діни аяның өзгешелігіне ие бола отырып, әлемдік қоғамдастық мойындаған мемлекеттік-конфессиялық қатынастардың өзіне тән моделін іске асырып келеді. Мемлекеттің зайырлы сипаты туралы конституциялық норма Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік-конфессиялық қатынастардың негізгі сипаттамасы болып табылады». Осы аталған құжатта мемлекетіміздің дін саласындағы саясатының негізгі басымдықтары аталып өтті. Олардың қатарында діни экстремизм мен терроризмнің алдын алу, мемлекеттің зайырлылық қағидаттарын тереңдету негізгі мақсаттар ретінде көрініс тапты.

Мемлекеттің даму жолындағы азаматтардың орны жалаң ұрандарға емес, отансүйгіштікке, еңбекқорлыққа, адалдыққа негізделуі тиіс.

«Қазақстан-2050» Стратегиясы қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Қазақстан халқына Жолдауында Елбасы былай деген еді: «Қазақстан – зайырлы мемлекет. Азаматтарды ар-ождан бостандығымен қамтамасыз ете отырып,  мемлекет, дегенмен қоғамға өз бетімен біздің дәстүріміз бен заңдарымызға қайшы келетін әлдебір қоғамдық нормаларды тықпалайтын әрекеттерге өте қатаң қарсы тұратын болады». Яғни, бұдан түйетін ой зайырлылық кері кетудің емес, әлемдік өркениеттік жүйенің құрамдас бөлшегі болуды білдіреді.

Терең тарихи-мәдени дәстүрі бар Жамбыл жерінде 12 конфессиядан құралған 340 діни бірлестіктер мен филиалдар діни қызметтерін жүзеге асыруда. Оның ішінде, 294 мешіт және 46 шіркеу (8 православтық, 1 католиктік, 37 протестанттық) бар.

Өңірде Дін істері басқармасы конфессияаралық татулықты, мемлекеттің зайырлылық қағидаттарын нығайту бағытында кешенді жұмыстар атқаруда.

Жоғарыда аталған Тұжырымдамаға сәйкес, 2018 жылы ел халқының дін саласындағы мемлекеттік саясатты қолдау деңгейін 89%-ға жеткізу меже етіп қойылған. Аталған көрсеткішке қол жеткізу ақпараттық-түсіндіру жұмыстарының жоғары сапада болуын талап етеді.

Осыған орай, дін саласындағы ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жетілдіру мақсатында өңірлік ақпараттық-түсіндіру топтарының құрамдары қайта қаралып, бірқатар өзгерістер енгізілді. Өзгерістердің мақсаты санға сапаға бағытталып, 2014 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан ауылдық деңгейдегі 156 ақпараттық-түсіндіру топтарының қызметі тоқтатылып, Тараз қаласындағы 11 ақпараттық-түсіндіру тобы 1 топқа біріктірілді.

Сондай-ақ, ақпараттық-түсіндіру топтарының құрамында өткен жылы белсенділік танытпаған бірқатар мүшелері ауыстырылып, облыстық, қалалық және аудандық деңгейдегі ақпараттық-түсіндіру топтарының құрамы толыққанды дінтанушы, теолог, психолог және дін саласына уәкілетті мемлекеттік қызметкерлермен жасақталды.

Сонымен қатар, ҚР Дін істері және азаматтық қоғам министрлігінің тапсырмасына сәйкес, облыстық, қалалық және аудандық ақпараттық-түсіндіру топтары мүшелеріне аттестациялау жұмыстары жүргізілді.

Нәтижесінде, 2017 жылғы 92 мүшеден тұратын 5 облыстық, 11 қалалық және 10 аудандық АТТ құрамдары 2018 жылдан бастап 83 мүшеден тұратын     5 облыстық, 1 қалалық және 10 аудандық АТТ құрамымен жұмыс жасайтын болды.

Облыстық ақпараттық-түсіндіру топтарының 2018 жылға арналған құрамы мен жұмыс жоспары облыс әкімінің бірінші орынбасары Б.Орынбековпен бекітіліп, Тараз қаласы мен аудандар көлеміндегі діни ахуалдың жай-күйі ескеріле отырып, нақты аудиторияларға бағытталған іс-шаралардың желілік кестесі әзірленді.

Аталған бағыттағы іс-шаралардың сапасын арттыру бойынша наурыз-сәуір айларында облыстық, қалалық және аудандық топ мүшелерінің біліктілігін арттыруға арналған оқыту семинарларын өткізу жоспарлануда.

Облыста мемлекеттің дін саласындағы саясатының табысты жүргізілуіне облыс әкімдігінің Дін проблемаларын зерттеу және Оңалту орталықтары мол үлестерін қосып келеді. Білікті дінтанушы, теолог мамандардан құралған Дін проблемаларын зерттеу орталығы өз қызметі барысында діни ахуалды талдаумен, зерделеумен және халық арасында дін саласы бойынша ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізумен айналысуда. Орталық 2017 жылы Тараз қаласы мен Жамбыл облысы аудандарында әртүрлі жастардағы нысаналы топтар арасында жалпы барлығы 2142 іс-шара ұйымдастырып, 100 мыңға жуық адамды қамтыды. Биылғы жылы да аталған игі шаралар өз жалғасын табуда.

Ал Оңалту орталығы дәстүрлі емес діни ағымдардан зардап шеккен азаматтарды оңалту, райынан қайтару, қоғамға бейімдеу жұмыстарын жүргізуде. Аталған Орталық тарапынан 2015 жылдан бүгінгі күнге дейін деструктивті діни ағымдардан зардап шеккен 455 азамат радикалды діни көзқарастарынан қайтарылды.

Қорыта айтқанда, 18 конфессия және 3 мыңнан аса діни бірлестіктер мекендейтін Қазақстан қоғамы үшін дінаралық және ұлтаралық татулық өте маңызды. Тәуелсіз Қазақ елі ұлттар мен ұлыстардың бейбітқатар өмір сүруіне жағдай жасайтын зайырлы құқықтық жүйеде өмір сүріп келеді. Әрбір қазақстандық елдегі тұрақтылық пен бейбітшілікті сақтау өзінің борышы екенін естен шығармауы тиіс.

 

 

Жангелді Омаров,

Жамбыл облысы әкімдігі

дін істері басқармасының басшысы

Share this...
Share on Facebook
Facebook
0Share on VK
VK
Tweet about this on Twitter
Twitter

Облыстық жаңалықтары

01.01.1970


01.01.1970


01.01.1970


01.01.1970


01.01.1970


01.01.1970


Egov