«Етекке жабысқан экстремизмнің зардаптары зор»

 

 

Ата-бабаларымыз сан жылдардан бері аңсаған тәуелсіздікке қол жеткізгелі руханиятымыздың тамыр-тамырына қан жүгіріп, елімізде Ислам дінінің қарқынды дамып келе жатқанына баршамызға белгілі. Ислам жергілікті халықтардың сенім жүйелерімен, құқықтық және адамгершілік заңдылықтарымен, философиясымен, мәдениетімен араласып әрі олардың әсеріне ұшырай отыра, өзі де ықпалын тигізді. Соның нәтижесінде ол өзі тараған аумақтардағы халықтардың салт-санасына етене кіріп, діни-рухани, мәдени құндылықтарының біріне айналды. Ислам діні адамзатты бейбітшілікке, татулыққа, ынтымаққа, ізгілікке, әділдікке, тазалыққа, тура жолға үндейді. Осы дінді ұстанудың, бабалар дәстүрін жалғастырып, халықтар арасындағы ынтымақ пен бірлікті нығайтудың, өскелең ұрпақты оған тәрбиелеудің демократиялық негізгі бағыты мен маңызы Ата Заңымызда көрсетілгендіктен де біз зайырлы мемлекеттер санатына жатамыз.

Жоғарыда атап өткендей, дін саласында мақтанып айтатын оң өзгерістермен қатар көлеңкелі жағыда жоқ емесі айқын. Мәселен, қазір соңғы кездерi баспасөз беттерiнде, теледидар хабарлары мен әуе толқынындағы таралымдарда  «діни экстремизм»  терминін  жиi кездестiрiп жүрміз.  Діни экстремизм мен терроризм идеяларын насихаттайтын діни ұйымдар адамзат баласына қауіп  төндіретіні хақ. Олар өз мүдделерін жүзеге асыру үшін не бір озбыр әрекеттерге барып, қоғам арасында алауыздықты тудырып, тыныштықты бұзуда. Бұл ағымдардың бірден ата-бабаларымыздың сан ғасырлардан бері ұстанып келе жатқан салт-дәстүріне шүйлігіп, « Батадан кейін бет сипауға болмайды, ол бидғат», «Келіннің сәлем салуы-ширк», «Домбыра тарту-күнә»,  деген секілді «жерден жеті қоян тапқандай» жаңалық ашып, байыпсыз пікірлер таратуды үрдіске айналдырды. Осы пікірлерге лесіп, дәстүрлі құндылықтарды ерсіз көріп, қырынан қарайтындар да пайда бола бастағаны бәрімізге мәлім. Ал бұның мемлекетіміздің ынтымағына, ауыз біршілігіне қатер төндіріп, мұсылмандардың татулығына сына қағары белгілі. Себебі, көптеген жерлерде осындай біржақты түсініктердің нәтижесінде мұсылмандар арасында түрлі түсініспеушіліктер орын алып, арты даудамайға, ренішке соқтырып жатқан жағдайлар да кездесуде. Сонда ғасырлар бойы халқымыздың ұстанып келе жатқан «ханафи» мәзһәбы мен «матуруди» сенім жүйесі һәм озық дәстүрлеріміз бен әдет-ғұрыптарымызды сызып тастауымыз кімге қажет болғандығы? Бұл тек дәстүрлі дінімізге қарсылық наразылығын білдіріп, дінсіздентіру «мәңгүрттікке» жетелеу мақсатында қолданылып жатқан сауатсыз дін бұзарлардың әрекеті.

Исламды зерттеп жүрген ғалым-сарапшылар Қазақстандағы діндар жамағаттың ағымдарға бөліну себептерін, алдымен, әлеуметтік факторлармен байланыстырады, яғни өмірден орнын таппаған, тұрмыс-тіршілігі нашар адамдар көп жағдайда, көңіл жұбаныштарын діннен табуға тырысады. Осы оңтайлы жағдайларды өз мақсаттарына пайдалануға ұмтылған радикалды идеологияны таратушылар өз орнын таппай жүргендерге Құран сөздерін өздеріне қажетті мазмұнда түсіндіріп миларын улайды, осылайша, «тығырықтан шығар жолды» көрсеткен болып, қоғам ортасына іріткі салып жатқандығы айқын.

Жалпы экстремизм деген терминге қазіргі әлем ғалымдары мен сарапшылары түрлі мағыналар берген. Бір анығы ол қоғамға, мемлекетке және жалпы әлемге қауіп төндіретін құбылыс. Ал, соның ішіндегі діни экстремизм дегеніміз – дәстүрлі дінді бұрмалап, жат «идеяны» белсенді насихаттау, зайырлы жүйеге қарсы әрекет ету болып табылады.

Діни экстремизм мен терроризм ислам дініне немесе басқа да бір дінге ешқандай қатысы жоқ. Ислам сөзінің өзі араб тіліндегі «салам», «тыныштық», «бейбітшілік» деген ұғымдарды білдіреді. Ислам дінінде терроризм, экстремизм немесе қысым көрсету, зорлық жасау адам өміріне қарсы, қоғамға қауіп төндіретін әрекеттер мен түсініктер кездеспейді. Әрі мұсылман діні басқа да дәстүрлі әлемдік діндер сияқты адамдарды тек жақсылық жасауға шақыратын дін болып табылады. Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың «Сындарлы он жыл» атты кітабында: «Әлемдегі лаңкестіктің түпкі себебі-дамудың теңсіздігінде жатыр» деп атап көрсетілген. Дегенімен діннің бөлінуші, іріткі салушы емес, керісінше, елдің етегін жабар ұйытқы, мемлекетті дағдарыстан құтқарар, халықты рухани бірлікке шақыратын фактор екенін алға тартады.

Елбасының мәлімдеуінше бұл бітімгершілікке саяды. Яғни, экстремистер, радикалистер, террористер белсенділігін басу үшін, ауыз біршілігімізді нығайтуымыз керек. Діни экстремизммен күресте ең маңызды қадам бұл діни сауаттылық екендігі даусыз. Діни сауатты болу үшін бір діни курсты бітіру ғана шарт емес. Діни сауаттылық, ұлттық тарих, дәстүрмен қатар, әлемдік деңгейдегі үрдістерден хабардар болудан құралады. Өз Отанын сүю мен дәстүрін ұстану, тарихын қастерлеу діни сауаттылықтың бір қыры. Өйткені, қазақ тарихына үңілген кез келген адам қазақ халқында өзге елді жаулау, өзге ұлт пен дінді кемсіту секілді көріністердің орын алмағандығын көреді.

Дін адамзаттың рухани мәдениетінің маңызды бөлшегінің біріне айналды. Дін арқылы адамдар арасындағы рухани байланыстан ұлтаралық келісім мен қоғамның беріктігі адами құндылықты, салт-дәстүрді сақтаудың ең жақсы мүмкіндігін көре білуіміз қажет.

Дін – ұстай алсаң қасиетің, ұстай алмасаң, қасіретің болады. Қасиетін қадірлей алмаған ел қасіретке ұшырайды. Мұны тарихтан жақсы білеміз. Дін – рухани азық, білмегенге – от, оттан өрт шығады. Біз кеше тоталитарлық заманның сұмдықтарын көрдік., басымыздан кештік. Қазақпын деп те айта алмадық. Ана тілім – қазақ тілі деуден жасқандық. Қазір тіліміз туралы да, еліміз жайлы да еркін айта аламыз. Жаңа заман келді, Тәуелсіздіктің арқасында осындай бақытқа бөленудеміз.

Бүгінгі күндегі ислам атын жамылып, қоғамға жат әрекеттер жасап жүрген түрлі теріс діни ағымдардың тигізіп жатқан зардаптары да жетерлік. Біздің кейбір жастарымызды елімізге ентелей енген жат ағымдар уаххабилік-сәләфилік өз жетектеріне ертіп әкетуде. Сондықтан бізге ең алдымен рухани білім керек. Осы білім арқылы ғана біз ненің ақ, ненің қара екенін саналы түрде айыра аламыз. Қоғам болып жұмылып, рухани тәрбиенің бірден-бір көзі болып саналатын дінімізді сақтап, қорғап, мұсылманшылық пен имандылықтың өркен жайып, халыққа қызмет етуіне себепші болайық.

 

 

 

Нұрым Сержанұлы Қуанышев

Жамбыл облысы әкімдігі

«Дін проблемаларын зерттеу орталығы» КММ-нің

бөлім басшысы

Share this...
Share on Facebook
Facebook
0Share on VK
VK
Tweet about this on Twitter
Twitter

Облыстық жаңалықтары

01.01.1970


01.01.1970


01.01.1970


01.01.1970


01.01.1970


01.01.1970


Egov