Діни білім беру орнын таңдай білейік

 

 

Дін – адамның сенім-нанымының бастау көзі, халықтың рухани тамырының тереңнен тартар негізі. Жалпы ұлт руханияты да осы діни қайнаркөздің арқасында қалыптасады. Осыған байланысты халықтың діни көзқарастарын қалыптастырушы жүйелердің бағыт-бағдары дұрыс болғаны жөн. Кеңестік дәуірде діннің тамырына балта шабылып, оның еркіндіктен айырылуы қазақ руханиятының дамуына үлкен тежеу болды. Тек КСРО ыдырап, ол жүйенің дінге қарсы саясаты күйрегеннен кейін ғана халықтың рухани кеңістігін жапқан бұлт сейіле бастады. Бірақ Тәуелсіздікке әзер қол жеткізген Қазақстанда діни білімі бар кадрлар тапшы еді. Сондықтан бұл мәселені шешудің бір жолы сырттағы мұсылман елдеріне жастарды жіберіп оқыту ғана болатын. Елімізде белгілі бір діни білім беру жүйесінің және тәжірибесінің болмауы салдарынан 90-шы жылдары шет елдерге талапкер жастарды жіберу үрдісі басталды, ондағы діни оқулардың мәні мен маңызын зерделейтін ешкім болған жоқ. Дәлірек айтқанда кейбір шетелдік діни оқу орындарының арасында белгілі бір діни-саяси топтардың мүддесі бары назардан тыс қалды. Ислам елдеріндегі күмәнді діни білім беру ошақтарында алынған білім қоғамымыздағы тұрақтылық пен тыныштыққа үлкен қауіп туғызды. Дін үйренеміз деп шет елге аттанған жастар сол елдің діни танымын, діни тәжірибесін бойына сіңіріп келді. Өзге мәдениет, өзге тілдік ортада діни тәлім алған рухани иммунитеті төмен жастар өзге халықтың дәстүріне, сыртқы келбетіне, іс-әрекеттеріне шексіз еліктеушілікке бой алдырды. Ислам мемлекеттерінде таралған әртүрлі діни-саяси ағымдар жастарға өз насихатын жүргізіп, олардың санасына өз идеологиясын сіңірді. Осы тұрғыда шет елдердің күмәнді білім ордаларында діни білім алудың қауіп-қатерлері де жоқ емес екендігін ескерген жөн. 2017 жылғы көрсеткіштер бойынша Қазақстанның 300-ге жуық азаматы шет елдердегі діни оқу орындарында білім алып жатыр. Балаларды шет елдердегі діни оқу орындарына жібергісі келіп отырған ата-аналар бұл мәселеге сергек қарағаны абзал. Сондықтан да мына жайттар қаперде болғаны жөн. Мысалы: 1) діни сауаты жоқ жастардың радикалды діни ағымдардың қақпанына түсіп қалу қатері; 2) жат елдегі діни идеологияны бойына сіңіруі нәтижесінде қазақтың ұлттық бірегейлігіне сына қағуы.

Экстремизм мен терроризм қатерінің жаһандық ортада әлі де сейілмеуіне байланысты радикалды діни идеологияларға қарсы күрес шараларының мығым болуы қажет. Дін мамандарының бәсекеге қабілеттілігін қалыптастыру, ел азаматтарының діни сауаттылығын көтеру, діни білім беру саласындағы қадағалаулар мен реттеулерді жүйелеу аталған мәселені шешу жолдары санатына кіреді. Қазіргі уақытта Парламентте талқыланып жатқан Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне діни қызмет және діни бірлестіктер мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы
заң жобасында «Қазақстан Республикасы азаматтарының шет мемлекеттерде рухани (діни) білім алуына Қазақстан Республикасында жоғарғы рухани (діни) білім алғаннан кейін ғана жол беріледі. Халықаралық шарт (келісім) негізінде, сондай-ақ тіркелген діни бірлестіктердің Қазақстанда рухани (діни) білім беру ұйымдары болмаған жағдайларда ғана шетелде оқып-үйренуге болады» деген толықтырулар бар. Яғни бұл фактор мемлекеттің діни білім беру саласына қатысты реттеу, қадағалау, жүйелеу шараларын күшейту мақсатын білдіреді. Ендігі кезде ел азаматтары діни білімді ең алдымен өз Отанында алуға тиіс. Қазақстанда діни білім алу арқылы ол азаматтың көзқарасы, ұстанымы дәстүрлі діни таным негізінде қалыптасып, шет елге рухани иммунитетпен барады. Қазақ елі үшін елдегі діндарлар мен дін қызметкерлерінің ұлттық-мәдени ерекшеліктерден, зайырлы қоғамдық жүйе принциптерінен хабардар болуы аса қажет.

Қазіргі кезеңде тәуелсіз Қазақстанның діни білім беру орындары сапалы білімнің үлгісін көрсетіп отыр. Бүгінгі күні елімізде Нұр Мүбарак Египет ислам мәдениеті университеті, Имамдардың білімін жетілдіру институты және де 9 медресе (Сарыағаш медресесі, Астана медресесі, Әбу Бәкір Сыддық медресесі, һибаттулла Тарази медресесі, Үшқоңыр медресесі, Шымкент медресесі, Әбу Ханифа медресесі, Ақтөбе медресесі, Орал медресесі) бар.

Нұр Мүбарак Египет ислам мәдениеті университетінде «Дінтану», «Исламтану», «Шет тілі: екі шет тілі» мамандықтары бойынша мамандар әзірленуде. Университет жоғары білікті исламтанушы мамандарын дайындауға, болашақ дін қызметкерлеріне практикалық мәселелерді білікті түрде шешуге дағдыландыруға барынша мән беріп отыр.

Қазіргі таңда Қазақстандағы діни білім беру жүйесінің дамуына Имамдардың білімін жетілдіру ислам институты өз үлесін қосуда. Аталмыш оқу орны ҚМДБ жанынан Ислам даму банкінің қолдауымен бұрынғы Ислам институты негізінде 2002 жылдың 10 сәуірінде құрылған. Институттың оқу бағдарламасы төрт айлық оқыту курсынан тұрады. Қазақ елінің имамдарының біліктілігін көтеруге үлес қосып отырған мемлекет аумағындағы медреселер де діни білім саласындағы озық жетістіктерімен көзге түсуде. Сонымен қатар дінтанушы, теолог мамандарды әзірлеуді Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, Л.Гумилев атындағы ЕҰУ, Қ.А.Яссауи атындағы ХҚТУ, Шет тілдер және іскерлік карьера университеті, Е.Букетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университеті де жүзеге асырып отыр. Елімізде 2017 жылы 5ВО20600 – Дінтану мамандығына 90, 5ВО21100 – Теология мамандығына 10, 5ВО21500 – Исламтану мамандығына 179 мемлекеттік грант бөлінді.

Отандық діни оқу орындарының материалдық-техникалық базасының күшеюі, білім сапасының артуы ел азаматтарының діни білімді өз елінде алуға мол мүмкіндік барын анық көрсетеді. Қазақ елінің рухани қауіпсіздігі ұлттық қауіпсіздікпен тікелей сабақтас. Осы себепті діни білім алуды таңдаған ұл-қыздары бар ата-аналар перзенттерінің жарқын болашағы үшін оларды өз отанында оқытуға барынша мән беруі тиіс. Отандық діни оқу орындары халықтың діни танымынан, ұлттық ерекшеліктерінен терең хабары бар азаматтарды тәрбиелеп шығарады. Қазақы рухани қайнаркөздерден сусындаған және олардың қадірін білген шәкірт діни саладағы істердің жандануына мол үлесін қоса алады. Сөз соңын Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың «Қазақстан 2050» стратегиясы қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты жолдауындағы мына сөздерімен аяқтауды жөн көріп отырмыз: «Біз мұсылман үмбетінің бір бөлігі екенімізді мақтан тұтамыз. Ол – біздің дәстүріміз. Бірақ бізде зайырлы қоғамның дәстүрлері де бар екенін, Қазақстан зайырлы мемлекет екенін ұмытпауымыз керек. Біз елдің дәстүрлері мен мәдени нормаларына сәйкес келетін діни сана қалыптастыруымыз керек». Иә, осы қағиданы жадымызда ұстап, санамызға бөтен идеядан селкеу түсірмесек біз руханият әлемінде төрт құбыламыз түгел болып ұлы көштен қалып қоймаймыз.

 

 

Елнұр Әскенұлы,

Жамбыл облысы әкімдігі «Дін проблемаларын зерттеу орталығы»

ақпараттық түсіндіру және талдау бөлімі инспекторы, гуманитарлық ғылымдар магистрі

 

Share this...
Share on Facebook
Facebook
0Share on VK
VK
Tweet about this on Twitter
Twitter

Облыстық жаңалықтары

01.01.1970


01.01.1970


01.01.1970


01.01.1970


01.01.1970


01.01.1970


Egov