Дін саласындағы кейбір заңнамаларына толықтырулар

 

Амангелді Карентаев

Ардагерлер кеңесінің мүшесі

 

Дін саласындағы кейбір заңнамаларына толықтырулар

 

ҚР Дін істері және азаматтық қоғам министрлігінің бастамасымен әзірленіп жатқан «Қазақстан Республикасының діни қызмет және діни бірлестіктер туралы кейбір заңнамаларына толықтырулар мен өзгерістер енгізу туралы» заң жобасы бүгінгі күні қоғам арасында қызу талқыланып жатыр. Тамыз айында министрліктің ресми сайтына салынып, жалпы халықтың талқылауына түскен уақыттан қазіргі күнге дейін заң жобасын талқылау мен ұсыныстар енгізу бойынша жер-жерлерде әр түрлі форматтағы 2000-нан астам іс-шара  өткізілді. Халықтың бұл мәселеге бейжай қарамайтыны, қоғам тарапынан осындай қызығушылықтың болуы қуантарлық жағдай. Заң жобасына қатысты қоғамда түрлі пікірлер легі әлі де жалғасуда. Қазақстан зайырлы мемлекет болғандықтан әрі діни ахуал әлемді алаңдатып отырғандықтан, аз-маз шектеулер орын алуы мүмкін. Заңдағы кейбір мәселелерді халыққа ұғынықты түрде дұрыс жеткізе білу біз сияқты қоғам қайраткерлерінің міндеті деп білеміз. Осыған орай Заң жобасындағы көптің көкейіне қонбай жүрген тақырыптарға түсініктеме беруді дұрыс деп шештім.

Алдымен бұл заң жобасына өзгертулер енгізудің қажеттіліктері мен алғышарт болған мәселелерге қысқаша тоқталып өткен жөн болар. Соңғы жылдары дін саласында әлемдік денгейдегі негативті үрдістер күшейе түскен. Сондай-ақ, елімізде қоғамның жағдайы мен оның діни саладағы сұраныстары алдыңғы заң қабылданған уақытпен салыстырғанда біршама  өзгерген. Мұны қазіргі қоғамда байқалып жатқан  діншіл адамдардың үлесінің артуы мен діни аудиторияға шетелден ықпал етуші күштердің едәуір күшею тенденциясынан байқауға болады. Бұған ақпараттық кеңістіктің ашықтығы және жаһандану процестерінің өте жылдам жүруі үлкен әсер етуде. Осы жағдайлар діни ұйымдармен бірлесіп шешетін бірқатар қауіп-қатерлердің  пайда болуына алып келді. Сондықтан, мемлекетіміздің дамуының жаңа кезеңінде діни қатынастарды реттеудің құқықтық тетіктерін жетілдіру және реттеу  күн тәртібіндегі негізгі мәселелердің бірі болып отыр. Енді заңнамаға енгізіліп жатқан өзгертулерге қысқаша тоқталып өтсек.

Министрліктің ресми өкілі ретінде вице-министр Берік Арын заң актілеріне енгізілген өзгерістерді төмендегідей үш мазмұнға бөліп түсіндірді.

Енгізлетін өзгерістердің алғашқы бөлімі дінді деструктивті мақсаттарда пайдалануды болдырмауға бағытталған.

Заң жобасында қоғамдық орындарда адамның бет-бейнесін тұмшалайтын  киім түрлерін киюге, деструктивті діни ағымдарға жататын киім түрлерін және сыртқы атрибуттарды қоғамдық орындарда қолдануға, киюге және таратуға, сондай-ақ, олардың идеологиясын таратуға тыйым салуды көздейтін бірқатар нормалар бар»,-дейді вице-министр. Әйелдердің никаб, чадра, паранжа, бетперде секілді киімдері жеке басты идентификациялау мен тануға кедергі келтіріп, салдарынан қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету тиімділігі төмендейтініне байланысты құқық қорғау органдары оларды киюге тыйым салып отыр.

Екінші бөлімде мемлекеттік органдардың қызметін реттеуге қатысты  нормалар қарастырылған. Бұл бойынша мемлекеттік қызметшілердің діни ұйымдардың қызметіне араласуына белгілі тыйымдар салынған. Сондай-ақ, діни ахуалды талдау мақсатында жергілікті атқарушы органдардың функциялары кеңейтілмек. Мемлекеттік органдардың бас бостандығынан айырылған адамдармен оңалту жұмыстарын жүргізу және осыған қатысты кейбір функциялар айқындалады. Бұдан басқа, заң жобасында тәртіп сақшыларының функцияларын кеңейту де көзделген.

Ал соңғы бөлімде діни бірлестіктердің жұмысын жеңіл әрі түсінікті етіп жасауға арналған түзетулер енгізілген.

«Мәселен, өңірлік діни бірлестіктерді тіркеуге қойылатын талаптарды жеңілдету сияқты шаралар қамтылған. Шетелде діни білім алу процесі реттеледі. Кәмелетке толмағандарды діни қызметке заңсыз қатыстырудан қорғауды күшейту енгізіледі.  Бұдан басқа, заң жобасында діни бірлестіктердің қаржылық қызметінің ашықтығын арттыру мақсатындағы нормалар ұсынылған»,- деп түсіндірді Берік Арын.

Ерекше атап өтетін жайт діндарлардың қызу талқысына түсіп жатқан орамал тағу мен хиджаб киюге тыйым салу мәселесі аталған заң жобасында қарастырылмаған. Бұл мәселе жөнінде Дін істері және азаматтық қоғам министрі Н. Ермекбаев мырза да БАҚ-қа берген сұхбаттарында Заң жобасында орамал тағу немесе хиджаб кию туралы мәселе мүлдем қарастырылмағанын, оның діндарлардың киетін киімі болып табылатынына ешқандай қарсылығы жоқ екенін бірнеше мәрте жеткізген еді.

Қорыта айтқанда дін туралы заңға және діни мәселелерге қатысты енгізілетін өзгерістердің барлығы кешенді түрде қоғамдағы экстремизм мен терроризм алғышарттарын жоюға, шетін көзқарасты идеологияны насихаттауды шектеуге, шет елде діни білім алуды реттеуге, радикалды топтардың ықпалынан зардап шеккендерді оңалтуға бағытталады. Заңдағы өзгерістер адамның киіміне, оның бет-әлпетіне қатысты дискриминациялық тыйымдарды шектемейді және ешкімнің діни сенім бостандығына қолсұқпайды. Заң жобасында елімізде ресми тіркелген діни бірлестіктердің мүдделеріне қайшы келетін тұстары жоқ. Сондықтан, заң талаптарын сақтағандарға қандай да бір қауіп болмайды.

 

Share this...
Share on Facebook
Facebook
0Share on VK
VK
Tweet about this on Twitter
Twitter

Облыстық жаңалықтары

01.01.1970


01.01.1970


01.01.1970


01.01.1970


01.01.1970


01.01.1970


Egov