Басқарма басшысының «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресті күшейту, мемлекеттік органдар мен лауазымды адамдар қызметіндегі тәртіп пен реттілікті нығайту жөніндегі шаралар туралы» №1550 Жарлығын іске асыру мақсатында, Қордай ауданындағы кездесуде сөйлеген сөзі

Облыс әкімдігі дін істері басқармасының басшысы Ж.Омаровтың 
ҚР Президентінің 2005 жылғы 14 сәуірдегі «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресті күшейту, мемлекеттік органдар мен лауазымды 
адамдар қызметіндегі тәртіп пен реттілікті нығайту жөніндегі 
шаралар туралы» №1550 Жарлығын іске асыру мақсатында, 
Қордай ауданындағы кездесуде сөйлеген сөзі

 

         Құрметті жиынға қатысушылар!

Сыбайлас жемқорлықпен күресу Қазақстанның бүгінгі күнгі күрделі мәселесі болып отыр. Үлкен әлеуметтік қасірет болып табылатын ол әлемдегі барлық елдердің қай-қайсысын да қатты алаңдататыны анық.
Сыбайлас жемқорлық дегеніміз – заңда қарастырылмаған жеке немесе дәнекерлер арқылы мүліктік игілікке және мемлекеттік функцияларды атқаратын басымды тұлғалардың және де соларға теңестірілген тұлғалардың, лауазымдық дәрежелерін және де  лауазымының мүмкіндіктерін өз мүддесіне қолдана отырып мүліктік табыс алу үшін жасалынатын қадамдар.
Қызмет өкілеттігін теріс пайдалану, билікті не қызметтік өкілеттікті асыра пайдалану, пара алу, пара беру, парақорлыққа делдал болу, қызметтік жалғандық жасау, көрінеу жалған сөз жеткізу, сеніп тапсырылған бөтен мүлікті иеленіп алу немесе ысырап ету, көрінеу жалған жауап беру, осындай қылмыстардың барлығы жемқорлық сыбайластық байланыстарды пайдалану арқылы жасалады.
Сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылыққа байланысты Қазақстан Республикасында 1998 жылы 2 шілдесінде «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы» Заңы қабылданған.
Жемқорлық қылмыстар мен әкімшілік құқық бұзушылық үшін қылмыстық жауапкершілік пен жазалау, әкімшілік жауапқа тарту және шара қолдану Қазақстан Республикасының Қылмыстық Кодексіне және Қазақстан Республикасының «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» Кодексіне сәйкес қарастырылады.
Елiмiзде осы мәселеге арнайы заңдар қабылданғанымен бұл мәселе әлi толық шешiмiн тапқан жоқ.
Сыбайлас жемқорлық әлеуметтік – экономикалық даму, нарықтық экономиканы құру инвестициялар тарту процесін баяулататын және демократиялық мемлекеттің саяси және қоғамдық институттарына кері әсер ететін, елдің даму болашағына айтарлықтай қауіп төндіретін құбылыс. Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев «100 нақты қадам» – Қазақстан Республикасының дамыған мемлекеттердің отыздығына кіру жөніндегі жоспарындаға 13-қадамында «Жемқорлыққа қарсы күресті күшейту, сонымен бірге, жаңа заңнамалар әзірлей отырып, Мемлекеттік қызмет істері және жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің құрылымында жемқорлық құқық бұзушылықтың жүйелі түрде алдын алу және сауықтыру үшін жемқорлыққа қарсы арнайы бөлім құру» тапсырмасы берілді. Яғни бұл мемлекеттің осы жағымсыз құбылысты жою бағытындағы кешенді және жүйелі күрес жүргізу саясаты жанданып, әрі қарай жалғасын табады деген сөз.
Сонымен қатар сыбайлас жемқорлықпен пәрменді күресу үшін халықтың құқықтық сауатсыздығын жоятын, құқықты түсіндіру жұмысының деңгейі мен сапасын арттыру керектігінің маңызы зор. Халық өздерінің құқықтарын, өздеріне қарсы қандай да бір құқыққа қайшы іс-әрекет жасалған жағдайда қандай іс-қимыл қолдану керектігінің нақты жолдарын толық білулері қажет. Конституциялық тәртіпті қорғау, сыбайлас жемқорлықпен күрес аясында тиімді, бірыңғай жалпы мемлекеттік саясат жүргізу, мемлекет пен азаматтардың өмір сүруінің барлық салаларында сыбайлас жемқорлық пен оның көріністері деңгейін төмендету, қоғамның мемлекетке және оның институттарына сенімін нығайту бүгінгі күндегі басты мақсат болып табылады.
Ағымдағы жылы ел болып «Қазақ хандығының 550 жылдығын» атап өтудеміз. Бұл мерейлі шараны атап өтудегі басты мақсат – әлем елдері мен өсіп келе жатқан өскелең ұрпаққа ҚАЗАҚ халқы XX ғасырдың соңында емес, сонау орта ғасырлардан келе жатқан, мемлекет болып қалыптасқан ел екендігін ұғындыру болып табылады. Қазақ халқы – өзіндік тілі бар, ділі бар, діні бар, саяси-мәдени тұрғыдан жетілген ел екендігін көрсетуіміз керек.
Елбасы өз Жолдауында: «Біз мұсылманбыз, оның ішінде Әбу Ханифа мазһабын ұстанатын сүнниттерміз. Бабаларымыз ұстанған бұл жол ұлттық салт-дәстүрді, ата-ананы сыйлауға негізделген. Ендеше, бүгінгі ұрпақ та әлемдегі ең ізгі дін – ислам дінін қадірлей отырып, ата дәстүрін ардақтағаны абзал» – дейді. Дініміз Исламда да жемқорлық айыпталып, үлкен күналардың қатарына енгізілген.
Ертеден жеткен бір оқиғада былай делінеді: Ардақты Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) пайғамбардан кейін мұсылмандарға басшы болған хазіреті Омардың халифалық құрып тұрған шағында бір күні кешке таман оған бір кісі келіп: «Сізбен сөйлесетін шаруам бар еді»,– дейді. Өзінің қызмет орнында шам жағып жұмыс істеп отырған халифа әлгі адамға: «Шаруаңыз менің қызметіме қатысты ма, әлде жеке өзіме қатысты ма?»– деп сұрайды. Анау: «Жеке өзіңізге қатысты»,– деп жауап береді. Сонда Омар (р.а.) хазірет үстелінде жанып тұрған шамды өшіріп, орнына басқа шам жағады да, ана кісіге шаруаңды айта бер дейді. Екінші жаққан шам біріншісінен айырмашылығы жоқ, жарығы да дәл сондай болса да, халифаның шамды ауыстырғанына таңырқанған әлгі адам: «Сіз, не себепті бір-бірінен ешбір айырмашылығы жоқ екі шамды ауыстырдыңыз?»– деп сұрайды. Сонда Омар (оған Алла разы болсын) оған: «Бұл – менің өз шамым. Ал бірінші жанып тұрған – қызметімдікі еді»,– деп жауап айтқан екен.
Бұл оқиғадан ойға түйетініміз – Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) жақын серіктерінің бірі болған Омардың әділдігін, өз қызметіне берілгендігі мен жауапкершілігін, бүгінгі күнгі «жемқорлық» дертіне бой алдырмағанын айқын көруге болады. Жалпы, пайғамбарымыз Мұхаммедтің (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) жанында жүрген қай серігі болсын, мемлекет ісіне адал болған. Мемлекет меншігіндегі мүлікке қол сұғу мен халық игілігіне арналған материалдық байлықтарды өз басының қамына пайдаланудың, парақорлықтың кешірілмес үлкен күнә екенін олар жақсы түсіне білген.
Ата дініміздегі осындай сыры кетпес, сыны биік ұстанымдарға қазақ халқы да талай ғасырдан бері арқа сүйеп келеді. «Қасым ханның қасқа жолы», «Есім ханның ескі жолы», «Әз Тәукенің «Жеті Жарғысы» – бәрі де қара қылды қақ жарған әділеттілікке негізделді.
Қазақ қауымында әділеттің жақтаушысы, ақиқат-шындықтың қорғаушысы – билер болып табылды. Кемеңгерлігі тасқан, шешендігі асқан, шариғатқа жетік, білікті сөйлеп, кесімді пікір айта білген, тек иманға ұйыған әділ билер ел алдында өте беделді болды. Оларды халық ерекше құрметтеп «тура би» деп атады. Ал, әділдіктен ауытқып, туыс-туғанына бұра тартқан би қадірі кетіп, «имансыз» деп қатал айыпталды. Ондайлар көп ұзамай-ақ ел билігінен шеттетілді. Халық арасындағы «Тура биде туған жоқ, туғанды биде иман жоқ», «Әділ биі бар елді дау араламайды» деген нақыл сөздер осындай халық тәжірибесінен барып пайда болды.
Дана халқымыздың «Адал еңбекпен мал іздемек арлы адамның ісі», «Бейнет, бейнет түбі – зейнет», «Маңдайы терлемегеннің қазаны қайнамайды» сынды мақал-мәтелдері, адал жолмен тіршілік етуге үндейтін мақал-мәтелдер бар.

Облыс әкімдігінің дін істері басқармасы тарапынан да сыбайлас жемқорлықтың алдын алу және болдырмау мақсатында бірқатар іс-шаралар атқарылуда.
Ү.ж. 5 қаңтарында «2015 жылға арналған облыс әкімдігі дін істері басқармасының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес іс-шаралар жоспары» қабылданып, оған сәйкес мақсатты жұмыстар жүргізілуде.
Басқарма қызметкерлері арасында ҚР «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы» Заң талаптары мен ҚР Президентінің 2014 жылғы 26 желтоқсандағы №986 Жарлығымен бекітілген «Қазақстан Республикасының 2015-2025 жылдарға арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы стратегиясы» тұрақты түрде түсіндірілуде. Атап айтқанда, ағымдағы жылдың 27 сәуірінде басқарма басшысының төрағалығымен жиналыс ұйымдастырылып, аталған құқықтық нормативтік актілер таныстырылып, жиналыс қорытындысы хаттамаланды.
Облыстың дін саласындағы ақпараттық-насихаттық топтарының және Басқарма қызметкерлерінің аудандарға іссапары барысында ұйымдастырылатын іс-шаралар аясында сыбайлас жемқорлық мәселелеріне арнайы тоқталып, көңіл бөлінеді.
Жыл басынан бері облыс имамдарына 6 рет семинар оқулары ұйымдастырылып, онда облыстық мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаменті мен прокуратура қызметкерлерін шақырып, құқықтық түсіндіру жұмыстары жүргізілуде және бұл жұмыс жыл соңына дейін жалғасын табатын болады.
Сонымен қатар, ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Жамбыл облысы бойынша Департаментімен екіжақты жоспар қабылдап, бірлескен ісшаралар өткізілуде.
Үстіміздегі жылдың 21 мамырында Басқарма тарапынан Тараз мемлекеттік педагогикалық институтында және 16-17 мамырында «Меркі» шипажайында ұйымдастырылған жиындарға департаменттің консультанты С.Әлібеков қатысып, «Қазақстан Республикасының 2015-2025 жылдарға арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы стратегиясының басым бағыттары» тақырыбында дәріс оқып, тақырыпқа сай бейнероликтер көрсетті.
Басқарма тарапынан арнайы сенім телефонының  8 /7262/ 43-88-33 қызметі ұйымдастырылған. Бүгінгі күні сыбайлас жемқорлық фактілері бойынша мәліметтер түскен жоқ.
Сонымен қатар, Басқарма мемлекеттік сатып алу рәсімдерін өткізудің ашықтығын арттыру бойынша жұмыстар атқаруда.
Барлық сатып алушылар ашық, уақтылы өтуде және мемлекеттік сатып алу келісім-шарттарының талаптары, діни қызмет саласындағы мемлекеттік көрсетілетін қызметтердің мерзімдері сақталып, арыз-шағым-өтініштер уақтылы қаралып, заңмен белгіленген мерзімде жауаптар берілуде.
Сондай-ақ, Басқарма қызметшілерінің кәсібилігін жетілдіру мақсатында, мемлекеттік қызметшілерді қайта даярлау және біліктілігін арттыру орталығына оқуға жіберіліп отырады.
Құрметті жиынға қатысушылар! Сөз соңында айтарым, XXI ғасырдың дертіне айналған сыбайлас жемқорлықпен күреске қоғам болып қарсы тұруға баршыңызды шақырамын.
Баяндама аяқталды. Назарларыңызға рахмет.

 

Share this...
Share on Facebook
Facebook
0Share on VK
VK
Tweet about this on Twitter
Twitter

Облыстық жаңалықтары

01.01.1970


01.01.1970


01.01.1970


01.01.1970


01.01.1970


01.01.1970


Egov