Басқарма басшысының «ҚР Үкіметінің жанындағы діни бірлестіктермен ​байланыстар жөніндегі Кеңесте» сөйлеген сөзі

Жамбыл облысы әкімдігі дін істері
басқармасының басшысы Ж.Омаровтың
ҚР Үкіметінің жанындағы діни бірлестіктермен
байланыстар жөніндегі Кеңесте сөйлеген сөзі

 

Жамбыл облысы әкімдігінің дін істері басқармасы тарапынан ұйымдастырылған ақпараттық-түсіндіру жұмыстары туралы
ЕСЕП
Құрметті Марат Алмасұлы!
Құрметті әріптестер мен есепке қатысушылар!

Дін саласы кез-келген мемлекеттің ішкі және сыртқы саясатының, қоғамдық-саяси ахуалының басты өлшеуіш құралдарының бірі екені баршаңызға белгілі. Діни тұрақтылық бүгінгі күні әрбір қазақстандықтың да бақуатты өмір сүруінің бірден-бір алғышартына айналды десек артық болмас. Шартарапты шарпыған діни экстремизм мен терроризмнен келген зардаптарды бүкіл адамзат баласы көріп отыр. Осындай теріс пиғылды түрлі ағымдар мен топтарды жою жолындағы күрестің оң нәтижелері де жоқ емес. Соның ішінде мемлекет Басшысы мен ҚР Үкіметі тарапынан жасалған мемлекеттік және салалық бағдарламаларды жүзеге асыру арқылы облысымызда атқарылып отырған бірқатар игі істерді де баяндауға рұқсат етіңіздер.
Қазақстан Республикасында діни экстремизм мен терроризмге қарсы іс-қимыл жөніндегі 2013-2017 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламаның мақсатына сәйкес, облыс тұрғындары арасында діни сауатсыздықты жою, діни экстремизм мен терроризмнің алдын алу, дәстүрлі діни құндылықтарды дәріптеу мақсатында Жамбыл облысы әкімдігі дін істері басқармасы тарапынан ақпараттық-түсіндіру жұмыстары 5 бағытта жүзеге асырылуда.
    Оның біріншісі: облыс әкімімен бекітілген кәсіби дінтанушылардан құралған ақпараттық-түсіндіру топтардың жұмысы.
Өздеріңізге белгілі, бұл топтардың жұмысы 2012 жылдан бері қолға алынған. Дегенмен, Жамбыл облысында 2015 жылдан бастап облыстық топтардың құрамы тек қана кәсіби дінтанушылармен жасақталса, 2016 жылдан бастап оның құрамы әйел жамағаттарымен жұмыс атқаратын белсенді, әрі облысқа кеңінен танымал әр саланың көшбасшы әйелдер құрамымен толықтырылды.
Сондай-ақ, 2014 жылы пилоттық жоба ретінде ауылдық деңгейде жұмыс атқаратын топтардың жұмысы биыл қайта жаңғыртылды.
    Бүгінгі күні өңірде 5 облыстық, 11 Тараз қалалық, 10 аудандық және 156 ауылдық округтік топтар жасақталды.
Нәтижесінде, өткен жылы ақпараттық-түсіндіру жұмыстарының шеңберінде 650 іс-шара ұйымдастырылып, оған 33 мың адам қамтылса, биылғы жылдың бірінші тоқсанының өзінде 571 іс-шара ұйымдастырылып, қамтылған адамдардың саны 20 мыңға жетті.
Кездесулер барысында барлық топ мүшелері мемлекеттік қызметшілер, жастар, еңбек ұжымдары, әскерилер, тұрғындар, мешіт жамағаты мен мақсатты топ өкілдерімен діннің өзекті мәселелері жайлы әңгіме жүргізумен қатар, сыңаржақ діни ағымдар мен олардың қаупі туралы ақпараттар беріп қана қоймай олардың алдын алуда профилактикалық жұмыстың оң нәтижесін көрсетті.
Іс-шаралар ішінде «Оупен эйр» («open air» – «Ашық аспан») форматында өткен кездесулер көпшілік көңілінен шыққанын айта кеткен жөн. Сондай-ақ, Орталық дінтанушылары тарапынан Тараз қаласының орталық базарларында «радио рубка» арқылы діни сауаттылықты көтеруге арналған дәрістерде жүйелі түрде оқылуда.
Облыстағы әйел жамағаттары мен дін ұстанушы қыздар арасында түсіндіру жұмыстары да назардан тыс қалған жоқ.
Осы себепті облыстық қиын өмірлік жағдайға түскен әйелдерге арналған Дағдарыс ортылығымен қарым-қатынас орнатылып, М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университеті жанынан «Қыз Жібек» клубы құрылып, Тараз мемлекеттік педагогикалық университеті жанындағы «Айша», Тараз инновациялық-гуманитарлық университеті жанындағы «Әйгерім» клубтарына дін саласында консультациялар берілуде.
Мемлекеттік қызметшілердің діни сауаттылығын арттыру, Мемлекеттік Бағдарлама мақсатын түсіндіру шеңберінде оқу-ағарту жұмыстары мемлекеттік қызметшілерді қайта даярлау және біліктілігін арттыру орталығында «Конфессияаралық келісім мемлекет тұрақтылығының негізі», «Этносаралық келісімді орнатудағы діни фактордың орны», «Діни экстремизм мен терроризмнің алдын алу жолдары» атты тақырыптарда жылына 1500 мемлекеттік қызметшіге 216 сағат дәріс оқылып, семинар жұмыстары жүргізілуде.
Ақпараттық-түсіндіру топтары кездесулер барысында дін мәселелерімен қатар, ұлттық дәстүрге, ұлт тәрбиесіне, жастарды ұлтжандылыққа баулу, отбасы құндылықтары, қазақ халқының қыз тәрбиесіне берген басымдығы және басқа да адамгершілік пен ұрпақтар сабақтастығына қатысты тақырыптарды кеңінен ашуда.
Жалпы, облыс тұрғындары арасында діни сауаттылықты арттыру, жастар тәрбиесін жетілдіру, дәстүрлі дін құндылықтарын кеңінен насихаттау, суицидтің алдын алу, вакцинация мәселелерін шешу барысында Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы тарапынан шығарылған пәтуаларды («Хизбут-Тахрир» ұйымы жайлы», «Тәкфир және һижрат жамағаты», «Шәһид үкiмi», «Отанды сүю және ұлтжандылық туралы», «Суицидке шариғат не дейді?», «Бір жыныстыларға қатысты», «Сириядағы жағдайға байланысты», «Жиһад ұғымы және қазіргі заман») әрдайым тиімді пайдалануда.
    Басқарма ақпараттық-түсіндіру топтарының біліктілігі мен діни сауаттылығын арттыру мәселесіне де тұрақты көңіл бөлуде.
Себебі, жыл сайын тұрақты түрде топтардың біліктілігін арттыруға бағытталған семинарлар ұйымдастырылып, оған елімізге танымал кәсіби дінтанушылар мен осы салада қызмет атқаратын лекторлар мен тренерлер шақырылуда.
Атап айтқанда, Мәдениет және спорт министрлігінің Дін істері комитеті Дін мәселелерін зерттеу және талдау орталығының директоры А.Әбдірәсілқызы, ғылыми сарапшысы, дінтанушы, Phd (Пи Аш Ди) докторы М.Исахан, діни ахуалды талдау және мониторинг бөлімінің басшысы, бас ғылыми қызметкер Т.Әбуов, аға ғылыми қызметкер Е.Қожбанхан, Исламды зерттеу бөлімінің бас ғылыми қызметкері М.Муслимов, Астана қаласының «Ақниет» оңалту орталығының дінтанушы-мамандары Е.ДосмағамбетовӘ.Қиманов, Т.Смағұлов, Мәдениеттер мен діндердің халықаралық орталығы директорының орынбасары Ж.Дәуренов, Р.Сүлейменов атындағы шығыстану институтының директоры Ә.Дербісәлі, «Нұр Мүбарак» университетінің оқытушысы Ж.Жүсіпбеков, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық Университетінің профессоры, тарих ғылымдарының докторы М.Алпысбес, «Дінтану» кафедрасының профессоры, тарих ғылымдарының докторы, профессор А.Избаиров, Қ.А.Яссауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетінің оқытушылары, дінтанушылар З.Жандарбек пен М.Мырзабеков, Қазақстан Мұсылмандары діни басқармасы ғұламалар кеңесінің мүшесі, теолог-исламтанушы ғалым Е.Әміре, ақпараттық-түсіндіру тобының мүшесі М.Ахметов, ҚРҰҚК Академиясының аға оқытушысы Л.Шакимова, «Білім» мәдени-ағартушылық орталығының директоры Р.Ержанов, Оңтүстік Қазақстан облысы әкімдігі Әлеуметтік бастамалар орталығының бөлім басшысы М.Халықов.
Жалпы, аталған азаматтар өздерінің терең білімі мен оқыған дәрістерінің мазмұндығымен облыс жұртшылығының алғысына бөленді.
    Екінші бағыт: Басқарманың зерделеу жұмыстары барысындағы халықты ақпараттандыру жұмыстары.
Тараз қаласы мен барлық аудандарда ҚР «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» Заңының 5-бабы, 1-тармағына сәйкес Басқармамен діни ахуалды зерделеу және оған талдау жұмыстары жүргізілуде.
Бұл бағытта әртүрлі форматта (кездесулер, семинар-кеңестер, «дөңгелек үстел» отырыстары және т.б.) мақсатты жұмыстар жүргізілуде. 2015 жылы 220 іс-шара ұйымдастырылып, 12 мыңға жуық адам қатылса, 2016 жылы 96 іс-шара өтті, оған 4 мыңнан астам мақсатты топ өкілдері қамтылды.
Ұйымдастырылған іс-шаралар барысында «Дін проблемаларын зерттеу орталығы» тарапынан шығарылған 17 мың дана кітап пен брошюра, 24 мың дана буклет және 700 дана диск таратылды.
Тараз қаласы мен аудандарда Орталықтың сенім телефоны мен республикалық «114 – Қауырт желісі» туралы 13 билборд ілініп, жергілікті телеарнаның «Жүгіртпе жолы» арқылы хабарлама тұрақты таратылуда және Тараз қаласындағы 500 автобустың сыртына діни экстремизм мен терроризмнің алдын алу бойынша жарнамалық стикерлер жапсырылды.
2015 жылы облыс әкімдігінің «Дін проблемаларын зерттеу орталығына» 10 адам ауызша шағымданып, «сенім телефонына» (51-50-20) 24 хабартүссе, 2016 жылы ауызша 3 адам қайырылса, телефон арқылы 13 хабар түсті. Түскен сауалдар дінтанушы және психолог мамандар тарапынан зерделеніп, тиісті консультациялар берілді.
Мәселен, Тараз қаласының тұрғыны С.Смағұлов бұрынғы зайыбы «Иеһова Куәгерлері» діни ағымына кәмелетке толмаған қызын тартуға байланысты шағым түсірді. Орталық көмегімен материалдар әзірленіп, келіншекті ата-аналық құқығынан айыру туралы өтінім сотқа жолданды. Нәтижесінде аталған азаматтың шағымы қанағаттандырылды.
Сондай-ақ, 2015 жылы Сирияға қарулы қақтығыстарға қатысу үшін кеткен облыстың 1999 жылы туылған азаматшасы құқық қорғау органдарының бірлескен әрекетімен Түркия мемлекетінен елге қайтарылса, биыл Египет мемлекетіне белгісіз діни оқу орнына шығуға ниеттенген 1993 жылы туылған азамат К.Ә.Н. ниетінен қайтарылды, олармен нәтижелі оңалту жұмыстары жүргізілді.
Облыс көлемінен шетелдік діни оқу орындарында оқып жатқандардың саны – 27 (Тараз қаласынан – 2, Жуалы ауданынан – 3, Қордай ауданынан – 17, Шу ауданынан – 2, Меркі, Т.Рысқұлов, Талас аудандарынан – 1 азаматтан).
Олардың Египет Араб Республикасында 5-уі, Пәкістан Ислам Республикасында 10-ны, Малайзияда мен Сауд Арабиясында 4-тен, Түркия мен Бангладеште 2-ден оқуда.
Биыл Сауд Арабиясынан 1 студент оралып, онымен түсіндіру жұмыстары жүргізілуде. Ал, 2015 жылы Египеттен оралған 1 студент Тараз қаласында жаңадан ашылған «Кеңесхан қажы» мешітіне ұстаз болып жұмысқа орналасты.
Шетелде оқитындардың көбі Қордай ауданының дүнген этносы өкілдері болуына орай, Масаншы ауылында «Құран оқыту орталығын» ашу ұсынылған. Дегенмен, бұл тапсырма арнайы лицензия алу мәселесіне орай шешімін таппай отыр.
    Үшінші бағыт: Бас бостандығынан айрылғандар арасындағы ақпараттық-түсіндіру жұмыстары.
Қылмыстық-атқару жүйесі департаментіне қарасты түзеу мекемелерінде жазасын өтеп отырған азаматтар арасында діни экстремизм мен терроризм идеологияларының алдын алу мақсатында, жоспарлы түрде мешіт имамдары, орыс-православ шіркеуі мен евангель-христиан баптистерінің діни қызметкерлерімен жұмыс атқару қарастырылған.
2015 жылы 266 кездесу өтті, оның 172-не имамдар, 58-не орыс-православ шіркеуінің діни қызметшілері, 36-на евангель-христиан баптистері қатысса, 2016 жылы 58 кездесу өтіп, оның 44-не имамдар, 11-не орыс-православ шіркеуінің діни қызметшілері, 3-не евангель-христиан баптистері қатысты.
Басқарма тарапынан деструктивті діни ағымдардың ықпалына ұшыраған азаматтарды оңалту бойынша жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде 82 азамат қалыпты діни көзқарасқа қайтарылды.
Оның ішінде 28-і бас бостандығынан айрылған азаматтар.
Нәтижесінде 33 сотталушының 84%-ы радикалды діни көзқарастарынан қайтарылды. Бұл өте жақсы көрсеткіш.
Жалпы, радикалды діни көзқарасынан дәстүрлі діни танымға бейімделген азаматтардың 66-сы салафиттік, 16-сы таблиғ жамағаты діни ағымдарынан бейімделген.
   Төртінші бағыт: Мемлекеттің дін саясатын насихаттауда азаматтық қоғам институттарының әлеуетін қолдану.
   Басқарма мемлекеттік дін саласын жүзеге асыруда үшінші сектор өкілдері азаматтық қоғам институттарының әлеуетін тиімді пайдалануда. Мәселен, 2014 жылы мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс шеңберінде үкіметтік емес ұйымдар жүзеге асыратын 4 әлеуметтік жобаға 5,5 млн. теңге бөлінсе, 2015 жылы 5 жобаға 10 млн. теңге бөлініп, қаржыландрыру екі есеге өскен.
Осыған орай, облыста мемлекеттік дін саясатын жүзеге асырушы әлеуетті үкіметтік емес ұйымдары санының жылдан-жылға өсу тенденциясы байқалады.
Мәселен, 2013 жылы олардың саны 6 болса, бүгінде мұндай ұйымдардың саны 14-ке жеткен. Азаматтық қоғам институты өкілдері жер-жерлерде, шалғайдағы елді мекендерде мемлекеттің дін саясатын жүзеге асыруда үлкен рөл атқаруда. Осы себепті 2015 жылы аудандар мен Тараз қаласында дін саласындағы әлеуметтік жобаларға 4,5 млн. теңге бөлінді.
Жыл сайын жобалар шеңберінде мақсатты топтар мен діни экстремизм мен терроризм көріністеріне бейім азаматтар арасында 70-ке жуық іс-шаралар ұйымдастырылуда.
    Бесінші бағыт: Медиа саласындағы ақпараттандыру жұмыстары. Басқарма тұрғындарға мемлекеттің дін саласын насихаттау, түсіндіру жұмыстары мен ақпараттық саясатқа үлкен басымдық беруде.
2015 жылы БАҚ-да дін мәселелеріне арналған 2 мыңнан астам материал жарық көрді (телерадиода – 70, интернетте – 1600, газеттерде – 400).
Облыста 5 веб-сайт (www.hibatulla.kzwww.sektamnet.kzwww.tarazdini.kzwww.e-islam.tarmpi.kzwww.e-islam.tarsu.kz) діни ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын атқаруда. Олардың жұмыстары мен контенті Басқарманың тұрақты бақылауында.
Арнайы жасақталған «Блогерлер» тарапынан abai.kz, ult.kz, e-islam.tarmpi.kz, tarazdini.kz сайттарында және «Ғасеbоок» интернет-ресурстарында пікірлер орналастырылып, дінтанушылар мен теолог мамандардың сұхбат алаңдары белсенді ұйымдастырылды.
Аталған материалдар www.youtube.com интернет-ресурсында жарияланып, қазіргі уақытта 100-ден астам интернет қауымдастығы танысып, сілтемесі «Маіl.ru», «В контакте» және «Ғасеbоок» интернет-ресурстарына жарияланды.
Басқарма Дін істері комитеті тарапынан интернет фейсбукта ашылған «Дін және қоғам», «Религиоведы Казахстана» қоғамдастықтарына облыс аумағында дін саласында жұмыс атқаратын ақпараттық-түсіндіру топ мүшелерін, Басқарма мен «Дін проблемаларын зерттеу орталығы» мекемесінде жұмыс атқаратын дінтанушыларды тарту бойынша мақсатты жұмыстар жүргізген.
Нәтижесінде бүгінгі уақытта облыс тарапынан 40-қа жуық дінтанушылар, ғалымдар, тарихшылар мен мәдениет саласының белгілі қызметкерлері блогерлік жұмысқа тартылды.
2015 жылы діни экстремизм мен терроризмнің алдын алуға бағытталған 6 бейнеролик пен 1 деректі фильм дайындалдыоның екеуін назарларыңызға ұсынуға рұқсат етіңіздер.

«Әке мен бала», «Бабалар діні» бейнероликтерінің көрсетілімі (3 минут уақыт).
Құрметті Төраға! 
Құрметті кеңес мүшелері мен қонақтары!
Әртүрлі форматта ұйымдастырылған ақпараттық-түсіндіру жұмыстарының нәтижесінде облыс тұрғындары арасындағы діни ахуал тұрақты сипат алып отыр.
Облыста мемлекеттік тіркеуден өткен 11 конфессиядан тұратын 328 діни бірлестік пен филиал қызмет атқаруда. Оның 283-і мешіттер, христиан діни бірлестіктері мен филиалдарының саны – 45 (8 – орыс-православ, 1 – рим-католик, 35 – протестанттық шіркеулер мен 1-орыс-православ шіркеуінің өкілдігі).
Мешіттерде арнайы бұйрықпен бекітілген 261 имам қызмет атқаруда, 2015 жылы 39 мешітте имам болмаса, атқарылған жұмыстардың нәтижесінде олардың 18-не имамдар орналастырылып, имамсыз жұмыс атқаратын мешіттердің саны 22-ні құрады. Олардың ішінде жоғары білімдісі – 11,3%, орта білімдісі (медресе бітірген) – 20,4%, сауат ашу курстарынан өткені – 68,3%.
Шіркеулердің барлығында діни қызметшілер бар. Олардың жоғары білімдісі – 24%, орта білімдісі – 24%, ал 52%-ның арнайы діни білімі жоқ.
Сонымен қатар, облыс аумағында тиісті тіркеуден өтіп, өз қызметтерімен айналысатын Оңтүстік Корея, Италия, Мысыр елдерінен 7 миссионер бар. Олардың жұмыстарына тұрақты түрде мониторинг ұйымдастырылуда. Миссионерлердің қызмет барысында заң талаптарын бұзу фактілері орын алған жоқ.
Құрметті жиынға қатысушылар!
Басқарма ҚР «Діни қызмет және дiни бiрлестiктер туралы» Заңына сәйкес, прокуратура органдарына заңнаманы бұзатын жеке және заңды тұлғалардың қызметiне тыйым салу жөнiнде 11 ұсыныс енгiзді.
Алдағы уақытта да конфессияаралық келісімді нығайту, мемлекеттің дін саясатын жүзеге асыру бағытында мақсатты жұмыстар өз жалғасын табатын болады.
Есеп аяқталды, дегенмен өңірлердегі діни ахуалды қалыптастыру барысында туындайтын бірқатар өзекті мәселелер мен оның шешу жолдары бойынша ұсыныс енгізуге рұқсат етіңіздер.
– Зиярат орындарда қызмет ететін шырақшыларды аттестациядан өткізу, оларды тағайындау мәселесін ҚМДБ-ның және өңірлік діни басқармаларының келісімі арқылы жүргізілуін енгізу.
– Қазақстан Республикасының «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» Заңының (бұдан ары – Заң) 5-бабында облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың жергілікті атқарушы органдары ғана көрсетілген.
Осыған орай, мемлекеттің дін саласындағы саясатын тиімді жүзеге асыру үшін аудандар мен қалалардың жергілікті атқарушы органдарын да енгізуді ұсынамын.
Сондай-ақ, Заңда кездесетін ұғымдарға түсініктеме беретін заңға тәуелді акті қабылдау керек. Мысалы, Заңның 5-бабының 7-тармағындағы «діни мақсаттағы заттар» ұғымына әртүрлі ұлттардың бас киімдері (тақия), орамалдар, кілемшелер (жайнамаз), ұзын және кең көйлектер жата ма?
Осы ретте, тағы да назар аударатын мәселе – зиярат орындары тарихи-мәдени ошақтар болуымен қатар, қоғамымыздағы көптеген азаматтар үшін ғибадат үйлері сияқты рухани азық іздеп барар орын болып табылады.
Сондықтан да, осындай жерлерде қызмет көрсететін азаматтардың (шырақшы), сондай-ақ, халық емшілерінің (балгер, көріпкел, емші-құшынаш, тәуіп, т.б.) діни қызметтерін реттейтін нормативтік-құқықтық акті қабылдауға деген қажеттілік те туындауда.

Назарларыңызға рахмет!

 

Share this...
Share on Facebook
Facebook
0Share on VK
VK
Tweet about this on Twitter
Twitter

Облыстық жаңалықтары

01.01.1970


01.01.1970


01.01.1970


01.01.1970


01.01.1970


01.01.1970


Egov