ЗЕРДЕЛЕУ ҚОРЫТЫНДЫЛАРЫ
ӘЛЕУМЕТТІК ЗЕРТТЕУ ҚОРЫТЫНДЫЛАРЫ БОЙЫНША ТҰЖЫРЫМДАР
«Жамбыл облысының діни ахуалына зерделеу жұмыстарын жүргізу» жобасы аясында сауалнама арқылы тұрғындардан пікір сұрау нәтижесінде жалпы облыс көлемінде діни ахуалдың деңгейі тұрақты деген тұжырым жасауға болады.
Сауалнама нәтижесі бойынша респонденттердің жартысынан астамы өздерін діншілдер қатарына жатқызады, дегенмен, тек діни мейрамдармен шектелетіндіктерін, мешітке сирек баратындықтары туралы тұжырым жасауға болады. Яғни діншілдік деңгейіне қатысты жалпы сұрау алынған азаматтардың жартысынан көбінің көзқарасы келесіге саяды, яғни дінге сенеді, бірақ көбіне діни мейрамдармен шектеледі. Осыған қатысты «Сіз өзіңізді діншілдер қатарына жатқызасыз ба?» деген сауалға-әлеуметтік зерттеуге қатысушы тұрғындардың басым бөлігі (64,7%) «Мен дінге сенемін, алайда тек діни мейрамдармен шектелемін, мешітке сирек барамын» деп жауап берді. 8,9% «Мен дінге іс жүзінде сенемін, бес уақыт намаз оқимын, құран білемін» деп жауап берді.
Сонымен қатар сауалнама нәтижесі тұрғындардың дәстүрлі діни көзқараста екендіктерін көрсетті. Яғни «Сіз қай дінді ұстанасыз?» деген сұраққа респонденттердің 89,6% «Исламның ханифа масхабы» деп жауап берді. 1,5% «Православие» деп жауап берсе, қатысушылардың қалған 8,9 % «Мен Құдайға сенемін, алайда ешбір діни ағымға жатпаймын» деген жауапты нұсқады.
Тұрғындардың басқа дінге өтуіне қатысты әсерлер факторларына келер болсақ, сауалнамаға қатысқан тұрғындардың жартысына жуығы дінге қатысты ақпараттанудың жеткіліксіздігі деген пікір білдірсе, тағы бір бөлігі әлеуметтік жағдайға байланысты деген пікірде. Осы мәселеге қатысты тұрғындардың басқа дінге өтулеріне қатысты негізгі әсерлерді бірі ретінде дінге қатысты ақпараттанудың жеткіліксіздігін атап өтуге болады. Келесі әсер етуші фактор ретінде әлеуметтік жағдайды атап өтуге болады. Яғни «Тұрғындардың басқа дінге өтуіне қандай факторлар әсер етуде деп ойлайсыз?» деген сауалға респонденттердің 43,4% «Дінге қатысты ақпараттанудың жеткіліксіздігі» деп жауап берсе, 28,5% «Әлеуметтік жағдайға байланысты» деп жауап берді.
Аймақта жастардың радикалды идеологияға ұшырауы деңгейіне қатысты сауалнама қатысушыларының жартысына жуығы 43,8% «Радикалды идеологияға ұшыраған жастар жоқ» деп есептейді.Дегенмен респонденттердің 9,5% «Радикалды идеологияға ұшыраған кейбір жастар бар» деген пікірде.
Дін саласы бойынша болжамды тұрақсыздану факторларына қатысты әлеуметтік зерттеу нәтижелері бойынша келесідей тұжырымдама жасауға болады. Осы әлеуметтік зерттеу нәтижесін талдай келе, болжамды түрде қарастырғанда жалпы тұрақсыздану факторлары жоқ. Оған келесі пікірлер негіз болып табылады.
Мысалы осы мәселеге қатысты «Аймақтағы діни жағдайды қалай бағалайсыз?» атты сұраққа респонденттердің 64,7% «Жайлы» деп бағалады. 21,1% «Өте жайлы» деген жауап көрсетті. Яғни жиынтығында тұрғындардың көпшілігі (85,8%) облыстағы діни жағдайды жиынтығында «Жайлы» деп бағалап отыр. Сондай-ақ респонденттердің 3% «Өте жайсыз» деген жауапты нұсқаса, 11,2% «Жайсыз» деген жауапты таңдаған.
Облыс бойынша діни жағдай «Жайлы» деген пікір жоғарыда көрсетілгендей 64,7% құраса, осы тақырыпқа жауапты аудандар мен Тараз қаласы бойынша жеке талдап қарастырғанда, Жуалы (71,4%), Мойынқұм (71,2%) және Талас (69,6%) аудандарының жұртшылығының басып көпшілігі аймақтағы діни жағдай «Жайлы» деген пікір білдірді.
Облыс көлемінде діни ахуал «Жайсыз» деген пікір білдірген респонденттер үлесі 11,2% құраса, Сарысу (16,7%), Байзақ (16,1%) және Меркі (16%) аудандарының тұрғындарынан алынған жауап нәтижелері «Жайсыз» деген пікірдің салыстырмалы түрде сәл де болса, басымырақ болғанын көрсетті.
Сонымен қатар «Сіз қалай ойлайсыз, Сіздің аймақта діни негізде ашық түрде конфликт болуы мүмкін бе?» деген сұраққа респонденттердің көпшілігінің (67,6%) «Ешқашанда» деп пікір білдіруін жоғарыда аталған қорытындыға негіз етіп қарастыруға болады.
Осы әлеуметтік зерттеу аясында конфессияаралық шиеленісу мен жанжалдың болжамды деңгейіне талдау келесі нәтижелерді көрсетті.
«Облыстағы Исламдар мен христиандар араларындағы конфессиааралық қарым-қатынасқа өз бағаңызды беріңіз» деген сауалға сауалнама қатысушыларының 72,3% «Достық қатынас» деп жауап берсе, 6,8% «Бірқатар қайшылықтар бар, бірақ олар соншалықты қауіпті емес», 1% «Конфликтілік қатынас» деп жауап берді.
Сондай-ақ «Сіз соңғы жылдары өз қалаңызда\аудан\ауылда басқа дін өкілдерінің дін алшақтығы себептерінен туындаған конфликтіге куә болдыңыз ба?» деген сұраққа респонденттердің 97,2% «Жоқ» деп жауап берсе, 2,8% «Иә» деген жауапты нұсқаған.
Сонымен қатар «Басқа діндегі адамдар Сіздің діни нанымыңызға тиіссе, Сіз не істейсіз?» деген сұраққа 29,2% «Ештеңе болмағандай түр танытамын» десе, 27,1% «Жағдайды әңгіме арқылы жұмсартуға тырысамын»деп жауап берді. Яғни облыс тұрғындары діни нанымға қатысты қандай да бір тиісушілік, әсер етушілік орын алған жағдайларда көбіне – төзімділік танытатындықтарын көрсетті. Осы әлеуметтік зерттеу аясындағы сауалдарға берілген тұрғындардың пікірлері – жалпы облыс көлемінде конфессияаралық шиеленісу мен жанжалдың ықтималдылығы болжамды түрде жоқ деп тұжырым жасауға толық мүмкіндік береді.
Дін саласында мемлекеттің саясатын қолдау деңгейіне қатысты «Мемлекеттің дін саласындағы жүргізіп отырған саясатын Сіз қалай бағалайсыз?» деген сұраққа сауалнамаға қатысушылардың басым көпшілігі, яғни 67,2% «Дұрыс» деп жауап берді. Тағы 17,1% – «Өте дұрыс» деген пікір білдірді. Яғни жиынтығында респонденттердің 84,3% мемлекеттің дін саласындағы жүргізіп отырған саясатын дұрыс деп бағалайтынын ерекше атап өту қажет.
«Отбасындағы ата-ана мен баланың арасындағы діни жағдайға байланысты қарым-қатынасқа қандай баға берер едіңіз?» деген сауалға респонденттердің ауқымды бөлігінің 76,3% «Отбасындағы ата-аналардың көбісі діни хал-ахуал жайында жақсы хабардар болғандықтан, олар мен баланың арасындағы діни жағдайға байланысты қарым-қатынас жақсы деп ойлаймын» деген пікірде.
Интернеттегі діни тақырыптардың жастарға қаншалықты әсер ететіндігіне қатысты «Қазіргі уақытта интернеттегі (әлеуметтік желілердегі) діни тақырыптар жастарға қаншалықты әсер етіп жатыр деп ойлайсыз?» деген сауалға респонденттердің 38,9% «Дінге қатысты дұрыс ақпараттар жақсы әсер етіп жатыр деп ойлаймын» деп жауап берсе, 26,6% «Интернеттегі діни тақырыптардың кейбірі күмән тудырады деп ойлаймын» деген пікір білдірді. Сонымен қатар респонденттердің кейбірі осы мәселеде әлеуметтік желідегі діни ақпараттарды тиісті мемлекеттік органдар тарапынан үнемі талдап отыру, теріс ақпараттардың әлеуметтік желіде кең таралмауын қатаң қадағалауды күшейту керек деген қосымша пікірлерін жеткізді.
Әлеуметтік зерттеу – тұрғындардың діни ахуалды түсіну және бағалау деңгейі шамалас екендігін, тұрғындардың бір бөлігі дін қатынастары мәселелерінен бөлек тұрмыстық мәселелерге көбірек көңіл аударатындары белгілі болды, дегенмен дін саласына қатысты күдік аралас қызығушылықтары күшейе түскенін, осыған орай тұрғындардың ақпараттану үлесі жоғарылап келе жатқанын аңғаруға болады. Олардың қатарында әсіресе дін мен дәстүр сабақтастығы мәселесі тұрғындардың білуге ұмтылатын ерекше назарындағы тақырып екендігі белгілі болды.